Үздік мемлекеттік қызметші

Жасұлан

Бүгін, яғни 16 сәуір күні сағат 12.00 д. мектебімізде ерекше кездесу өтті. «Ақтөбе облысының мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттері арасында мемлекеттік қызмет құндылықтарын және ерте кәсіптік бағдарлатуды ілгерілету жөніндегі 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесуге «Үздік мемлекеттік қызметші» Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкері Иманғалиев Бекболат Жонысұлы қатысты. Сөз кезегін алған Бекболат Жонысұлы мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызмет – бұл тек мамандық қана емес, ел алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Сонымен қатар, өз еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қызмет барысында кездесетін қиындықтар мен оларды еңсеру жолдары туралы нақты мысалдар келтірді.
Кездесу барысында қонағымыз оқушыларға болашақ мамандық таңдауда қателеспеу үшін ең алдымен білімге, тәртіпке және еңбекқорлыққа мән беру керектігін айтты. Әсіресе, адалдық, жауапкершілік, уақытты тиімді пайдалану сияқты қасиеттердің әрбір жас үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Бекболат Жонысұлы қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерге тоқталып, мемлекеттік қызметке келу жолдары мен талаптары туралы түсіндірді. Оқушыларға нақты мақсат қойып, соған жету жолында үздіксіз іздену қажеттігін жеткізді.
Қонағымызға мазмұнды әрі әсерлі кездесуі үшін үлкен алғыс білдіреміз!
Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, болашаққа сеніммен қадам басуға ықпал етеді

"№27 орта мектеп-лицейі" КММ