Ақтөбе қаласындағы №27 мектеп-лицейде Ақтөбе облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Әлиятанушы-ғалым Ғалымжан Байдербестің туған күніне орай «Ерліктің шырақшысы» атты еске алу кеші болып өтті.
«Ер бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы, Ауған соғысының ардагері, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының басшысы Бағдаш Төпенова, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, патриоттық бағыттағы әнші-сазгер Орынгүл Исмағұлова, Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Еркін Бақтияров, Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің педагог-ұйымдастырушысы Бекзат Қаумешов және Ғалымжан ағамыздың қызы Ақмарал Байдербес пен атасының жолын жалғастырушы, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әмина Молдағалиевалар қатысып, Ғалымжан Ермағанбетұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Патриоттық бағыттағы әнші-сазгер Орынгүл Исмағұлова өзінің «Мәншүк-қайсар, қаһарман» әнін шырқаса, мектеп-лицейдің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Іс-шарадан кейін кеш қонақтары кезінде ағамыздың мектептен ашып кеткен Әлия-Мәншүк музейінің экспонаттарын тамашалады және өздерімен бірге алып келген құнды жәдігерлерін табыс етті.
Ақмарал Ғалымжанқызы осы еске алу кешін ұйымдастыруға атсалысқан №27 орта мектеп-лицей ұжымына «Қос шынар» қоғамдық бірлестігі атынан ризашылығын білдіріп,мектеп басшысы Хамзина Гульжан Минуллаевнаны Әлия-Мәншүк атындағы медальмен марапаттады.
Есімі күллі ТМД елдеріне танымал Ғалымжан Ермағанбетұлының жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолында атқарып кеткен өнегелі ісі әрқашан біздің жүрегімізде сақталады.