«Ақтөбе қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ақтөбе қаласының №27 орта мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

МЕКТЕБІМІЗДІҢ 35 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

2019 жылдың 2-ақпанында түлектер кездесуі өтті.  Бұл күні осы мектеп партасында білім нәрімен сусындағандар, тарыдай болып кіріп, таудай болып үлкен өмірге аттанғандар жиналды. Ерекше толқыныспен ардагер ұстаздармен кездесті.  Шақырылған қонақтар құттықтау сөздерін жолдады. Мектеп баршаға қонақжайлылықпен есігін айқара ашты. Осы уақыт аралығында қалай дамығанын, көркейе түскенін тамашалады. Түлектер осында білім алып жатқан бала шәкірттермен жүздесіп, ыстық лебіздерін жолдады.

Ардагер ұстаздарымыз құрметті орындарына жайғасып, елге еккен жемістерінің алғыс сөздері мен лебіздеріне, ыстық махаббаттарына шомылды.  Қанша уақыт өтсе де, қанша ұрпақ алмасса да мектеп тарихында әрбір адамның алар орны басқа. Әрқайсысының өзіндік тарихы, мектептің тыныс-тіршілігімен байланысты естелігі жетерлік.

Жиналғандар алдында мектеп директоры Д.П.Тулемисов құттықтау сөз сөйледі. Мұғалімдердің ынтымақтастығына, өзара түсіністігіне және шығармашылық еңбектеріне ерекше алғыс білдірді.

Әр мектептің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ барлық мектепке ортақ  түлек деген ұғым бар. Әркімнің тағдыры әртүрлі болды, түрлі жолдар таңдалды, бірақ әркім өзінің екінші үйіне айналған алтын ұя мектебін үнемі жадында сақтамақ.

Қуаныш пен мұңның көз жасы, естеліктер, құттықтаулар… Мұның бәрі мерекеге қатысқандардың есінде ұзақ сақталатыны анық. Мектеп жыл сайын түлектерін түлетіп ұшыра берер. Уақыт қанша зымыраса да, заман өзгерсе де, мектепте сол бұрынғыша жастықтың алауы маздап тұра береді. Өйткені, жаңа оқу жылындағы жас буынмен, шәкіртпен мектептің жаны да рухы да жаңарып, жаңғырып тұрары анық.