«Ақтөбе қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ақтөбе қаласының №27 орта мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

ҚАЛАЛЫҚ ЖАС ПСИХОЛОГ МЕКТЕБІ

№27 ОМЛ базасында 13 қазан күні қалалық Жас психолог мектебінің алғашқы сабағы өтті. Сабақтарды жоғары санатты психолог Мацюта Лариса Васильевна жүргізді. Қалалық білім беру жүйесінде «Жас психолог» мектебінде жүргізілетін сабақтар дәстүрге айналды. Онда мектепке алғаш жұмысқа келген жас психологтар оқиды. Сабақта жас мамандар алған білімдерін практикалық тұрғыда жүзеге асыруды үйренеді. Бұл тағылымдама жолы тәлімгер-психологтың тәжірибесімен мүмкін болмақ.

Сабақ «Семицветик» әдісі арқылы танысудан және жағымды көңіл-күй орнатудан басталды. Сабақта «Мектептегі психологиялық қызметтің мақсаты мен міндеттері: нормативтік-құқықтық аспектісі», «Оқушылардың оқуға бейімделуі: диагностикасы, коррекциясы, алдын алу» және «Мектеп психологы жұмысындағы психологиялық қызметтің ең жиі қолданылатын психодиагностикалық әдістері» сынды тақырыптар қарастырылды.

Жас мамандар мектеп психологының жұмысын реттейтін құқықтық құжаттармен танысты; психолог қызметін есепке алу журналдарын толтыруға жаттықты; оқушылардың әлеуметтік-психологиялық бейімделу картасымен жұмыс жасауды үйренді; психолог жұмысында жиі қолданылатын әдістер тізімімен танысты.

Сабақ кері байланыс берумен және алдағы жұмыстарына сәттілік тілеумен аяқталды.